Балаға 18 жасқа дейін қандай медициналық көмек беріледі?
Балаға туғаннан 18 жасына дейін емханада қандай медициналық көмек беріледі? Қандай жағдайда педиатр дәрігердің көмегіне шұғыл жүгіну қажет?
Сәби дүниеге келгеннен бастап мамандардың бақылауында болады. 18 жасына дейін емханада медициналық көмек ала алады. Осы кезең аралығында ата-ана нені қаперінде ұстауға тиіс?
Биыл 1 қаңтардан бастап 18 жасқа дейінгі барлық бала МӘМС жүйесінде сақтандырылды. Олар жеңілдігі бар санатқа кіреді, сол себепті барлық балаға жарнаны мемлекет төлейді.
Емханада балаларға тегін медициналық көмектің толық спектрі: бейінді сала мамандарының консультациясы, диагностика мен емдеуден бастап, туабітті патологияны, психофизикалық дамудың бұзылысын, ерте жастан көз ауруын, есту қабілетіндегі ақауды анықтау үшін кәсіби тексеруге дейін қарастырылған. Созылмалы ауруы бар балалар педиатрдың жіті бақылауында болады. Тәулік бойғы және күндізгі стационарға жолдама беру, стационарды үй жағдайына ауыстыру, денсаулықты жақсарту мен реабилитация – осы көмектің барлығы көрсеткіші бар пациенттерге қолжетімді болады.
Стоматология көмегінің ішіне медицина қызметінің барлық – препарация жасау және химиялық жолмен қатайтатын композит материалдардан пломба салудан бастап, ауыртпай тіс жұлу, периостотомия және іріңді ашуға дейінгі қызмет түрлері кіреді. Орта білім беру ұйымдарында ауыз қуысының профилактика тексеруі үнемі жүргізіліп тұрады. Туабітті жақ-бет патологиясы бар немесе таңдайы жырық балалардың ақауы түзетіліп, ортодонт пластинка қойылады. “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” ҚР Заңына сәйкес 1 наурыздан бастап әртүрлі тіс-жақ аномалиясы бар 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларда окклюзия ақаулары, микрогнотиялар (туабітті жақтың патологиялық дамымауы) тегін түзетіледі.
МӘМС жүйесінде рецепт бойынша тағайындалатын барлық дәрі тегін беріледі.
Профилактика алдын алу шараларының кешені ретінде көптеген аурудың пайда болуына жол бермейді. Балаларда болатын аурулардан вакцинация арқылы қорғануға болады. Бастысы – қашан және қандай екпені салдыру керегін білу қажет.
Барлық бала балабақшаға немесе мектепке барар алдында денсаулықты жақсарту курсынан өтеді. Ата-аналарға дұрыс тамақтану, балаларда кездесетін аурулардың профилактикасы және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде ақпарат беріледі.