ЖИТС-тың алдын алу айлығы аясында ашық есік күні өтті
Бүгін «№ 1 қалалық емханада» ЖИТС-тың алдын алу айлығы аясында Ашық есік күні болды. Шара барасында емхана пациенттері АИТВ-жұқпасы қоздырғышын анықтауға арналған экспресс-тестілеуден өтті. Бұл талдаулар тегін жүргізіліп, қан тапсырушының аты-жөні көрсетілмеді. Эспресс-тестілеуді
Нұр-Сұлтан қаласының «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының» өкілдері жүргізді. Сондай-ақ олар тұрғындарды АИТВ және ЖИТС туралы пайдалы мәліметтермен таныстырды. Ашық есік күні барысында ақпараттық брошюралар таратылды.
Сіз бен біз білуге тиісті пайдалы ақпараттар:
АИТВ – адамның иммун тапшылығының вирусы, инфекциядан қорғайтын ағзаның иммундық жүйені зақымдайтын вирус.
ЖИТС – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы, АИТВ-жұқпасының соңғы кезеңі.
АИТВ қалай жұғады?
Есірткіні тамырға енгізген кезде залалсызданбаған шприцті немесе инені ортақ қолдану кезінде;
Татуировка мен пирсинг кезінде залалсызданбаған аспаптарды қолданғанда;
Өзге адамдардың қан қалдықтары қалған қырыну құралдарын қолдану кезінде;
Жыныстық қатынас арқылы;
АИТВ-жұқпасын жұқтырған анадан балаға: жүктілік, босану және ана сүтімен емізу кезінде.
АИТВ-дан қалай қорғануға болады?
Кездейсоқ жыныстық қатынасқа түспеу;
Есірткіні қолданбау;
Татуировканы немесе пирсингті салу кезінде залалсызданған аспаптардың қолданылуын қадағалау.