Елорданың алғашқы емханасы
Елордадағы №1 қалалық емхана – астанадағы ең ескі емдеу мекемесіне жатады. Іргесі 1966 жылы қаланған бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымының тарихына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Әуелде бірінші қалалық аурухана құрамында болған мекеме 1999 жылы өз алдына бөлініп шықты. Күніне 400 адам қабылдауға арналған емханада қазіргі таңда 47527 елордалық тіркеулі тұр, бұл – қала халқының шамамен 4 пайызы. Емхана директоры Назар Тұралиновтің айтуынша, пандемия басталғалы медициналық ұйым өмірінде бірқатар өзгерістер орын алды.
Былтырдан бері мұнда коронавирус инфекциясының белгілері бар пациенттерге уақытылы әрі жедел көмек көрсету үшін мобильді бригадалар жұмыс істейді. Оның құрамына дәрігер, фельдшер және жүргізуші кіреді. Учаскелік медбикелер 2020 жылы дерт өршіген кезде созылмалы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттерге дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізіп беріп отырған. Одан бөлек, емхана дәрігерлері телемедицинаның мүмкіндіктерін қолдану арқылы елге онлайн консультация берген. Фильтр кабинеті де үздіксіз жұмыс істеп тұр.
– Емханада пандемияға қарамастан жоспарлы жұмыстар, соның ішінде диспансерлік есепте тұрған науқастармен жұмыстар жалғасып жатыр. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымның негізгі мақсаты – аурулардың алдын алу. Осы бағытта скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Емхана қаланың ескі Сарыарқа ауданында орналасқандықтан, бізде егде жастағы адамдар көп тіркелген. Олардың бабын табу үшін медициналық персонал барын салады. Қазіргі таңда келген барлық пациенттерімізге ұжымдық иммунитетке қол жеткізуде екпенің маңызы зор екенін түсіндірудеміз. Жалпы вакцинация жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – дейді емхана басшысы.
2020 жылғы 3 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен аталған емханаға қарасты оңалту орталығы ашылды. Ш.Уәлиханов көшесі, 23/2 мекенжайындағы жаңа тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан оңалту орталығы пациенттерге неврология мен нейрохирургия, кардиология мен кардиохирургия, травматология мен ортопедиядан оңалтуға көмек береді. Онда емдік дене шынықтыру, парафинді терапия, массаж, гидромассаж, физиотерапия – ультра жоғары жиіліктегі терапия, электрофорез, СМТ, дарсенваль, магнитотерапия, ультрадыбыстық, кварц кабинеттері бар. Бұл орталыққа инсульт алғаннан, сынықтан, хирургиялық отадан, коронавируспен ауырғаннан кейінгі жағдайын жақсарту үшін ересектер, балалар церебралды салы, ортопедиялық және жүйке жүйесі аурулары бар балалар қатынайды.
Бүгінде емханада 89 дәрігер, 133 медбике жұмыс істейді. Солардың ішінде үздік дәрігерлер қатарындағы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» және «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған сарапшы дәрігер Фаина Тышкевич, инфекционист дәрігер Нұрсұлу Хасенова, физиотерапевт Алма Кашкенова, терапиялық бөлімше меңгерушісі Асылтас Бекітаева, акушерлік-гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Жанна Кәукенова, гастроэнтеролог дәрігер Елена Астрелина, эндокринолог дәрігер Галина Насурдинова, уролог-дәрігер Олег Полевщиковтердің еңбегін ерекше атауға болады.
– Осы ретте емхананың медицина қызметкерлері жыл сайын марапаттауға ұсынылатындығын атап өткіміз келеді. Соның ішінде Тәуелсіздік, Конституция, Медицина қызметкерлері күні және т.б. атаулы мерекелерде Денсаулық сақтау министрлігі, қала әкімдігі, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан алғыс хаттармен жыл сайын марапатталып отырады, – дейді емхана директоры.
Қалалық емхана құрамында учаскелік терапевтерден және жалпы тәжірибе дәрігерлерінен құралған №1, №2 отбасылық денсаулық орталығы, педиатриялық бейіндегі мамандар бар №3 отбасылық денсаулық орталығы, №1, №2 консультативтік-диагностикалық және акушерлік-гинекологиялық бөлімшелері бар. Бұдан бөлек, алдын алу, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және зертханалық-диагностикалық тексерулер, жедел медициналық көмек бөлімшелері, ақылы қызмет бөлімі жұмыс істейді. 55 жыл бұрын құрылғаннан бастап бар қазіргі С.Сейфуллин көшесіндегі емхана ғимаратына биыл әкімдіктің қаржы бөлуімен күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта құру жұмыстары жасалуда.
Емханаға тіркелген тұрғындардың өтініш-арызына уақытылы жауап беру үшін Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі іске қосылған. Сонымен қатар бірнеше денсаулық мектептері, атап айтқанда, қант диабеті, қауіпті мінез-құлық факторлары, инсульт ауруы, отбасын жоспарлау, босануға дайындық бойынша мектептер ашылған. Бұл мектептердегі сабақтарды емхананың медицина қызметкерлері жүргізеді. Әр денсаулық мектебіне жауапты мамандар бекітілген. Мектеп сабақтарына денсаулығына байланысты пациенттер дәрігер немесе тіркеу орны арқылы жазылып, аптасына бір рет қатыса алады. Алайда қазір санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында топ болып сабақтар өткізуге шектеу қойылған.