Біз үшін сыңғырлаған сәби күлкісі мен отбасы амандығы басты ұстанымдардың бірі
Президент Қ. Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» екенін айтқан еді.
Әрбір бала қашанда бақытты балалықты сезінуі тиіс. Олардың шат-шадыман күлуіне, асыр салып ойнауына, балдәурен шақтың тәтті екенін сезінуіне әрбіріміз ықпал етуміз керек.
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай осы ниетпен №1 қалалық емхана қызметкерлері кішкентай бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырған болатын.
Емхана ғимараты аланыңда балалар мен ата-аналарға «бормен сурет салу» шығармашылық конкурсы мен арнайы шақырылған аниматордың қызықты ойын-сауық бағдарламасы, музыкалық ән-би мен сабынды көпіршік қойылымы тарту етілді.
Мерекелік бағдарлама №1 қалалық емхананың оңалту орталығында ем қабылдап жүрген балаларды да қамтыды. Орталық қызметкерлер бүлдіршіндерді құттықтап, өзінің арнайы бағдарламасын ұсынып, сыйлықтар тарту етті.
Сонымен қатар, осы күні №1 қалалық емханада 85 балаға скрининг жүргізілді. Мектепке дейінгі кезеңдегі, яғни 3-6 жас аралығындағы балдырғандар дәрігерлердің медициналық қарап-тексеруінен өтуге мүмкіндік алды.
Ал, №3 мектеп-гимназиясында 9-сынып оқушыларымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында №1 қалалық емхананың психологтары Л.Қыпшақбаева мен Қ.Тұтқышбаева, әлеуметтік қызметкер М.Жұмағұлова «Оқушыларға мотивация, психологиялық күйзеліс!» тақырыбында әлеуметтік сауалнама жүргізді.
Іс-шара кәсіптік бағдар беру және болашақ мамандықты таңдауда әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, күйзеліс пен мотивацияны басқару бойынша ұсыныстар беру мақсатында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, емхана қызметкерлері 16 мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып, мекеме атынан мерекемен құттықтап, арнайы сый-сияпатын көрсетті.
Баллалар игілігі үшін өткізілген бұл іс-шараларға емхананың кәсіподақ комитеті белсене қатысты.